"Күтумен өткен ғұмыр", статья в газету "Жас Алаш" "Күтумен өткен ғұмыр", "Жас Алаш" газетіндегі мақала » №195 жалпы білім беретін мектеп
Алматы қаласы білім басқармасының
"№195 жалпы білім беретін мектеп"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(727) 240-31-21
Есепші бөлімі:
+7(727) 22-44-491
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » "Күтумен өткен ғұмыр", статья в газету "Жас Алаш" "Күтумен өткен ғұмыр", "Жас Алаш" газетіндегі мақала
06
май
2020

"Күтумен өткен ғұмыр", статья в газету "Жас Алаш" "Күтумен өткен ғұмыр", "Жас Алаш" газетіндегі мақала



«О-о-о, дүние-ай! Сағындым Жексенқұлым, Қосшығұлым, қарақтарым,
Өзекті жарып шыққан қос шыбыным», – деп басталатын Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпір» әнінің зарлы әуенін естігенде балалық шағым, ауылдағы шүйкедей кемпір Ибалы апа еске түседі, жарықтық. Үш ұлы мен күйеуін, төрт бірдей боздағын соғысқа аттандырып, қалған 30 жыл өмірі қара жолға қарап телмірумен өткен еді. Сарғайған сартап сағынышын ыңылдап, әнмен әлдилейтіні бар еді. Шерлі ана өмірден өткенде ауылда күңіренбеген жан қалмады. Үлкен кісілердің «байғұс-ай, өмірі өксумен өтті-ау» деген аянышты сөздері әлі құлағымда. Ол кездерде «байғұс» деген сөздің мағынасын түсінбесек те, соншалықты аянышты сөз екенін бала көңіліміз сезетін. Сол жағдай менің бала санама ерекше әсер еткені соншалық – әлі күнге дейін бәрі жадымда. Ибалы апаның үйінің жанынан ары-бері өткен сайын оң аяғымызды көтеріп, «балаңыз келсін, апа» десек, марқұм қалбалақтап, не берерін білмей қуанып қалушы еді. Соғыстың кесірінен жас өмірін өксітіп, өмір бойы қу тізесін құшақтап, қаншама аналарымыз өмірден өтті. Қаншама бала балалық шақтың бақытын сезіне алмай, жастайынан еңбекке араласып, ерте есейді.
       Биыл Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында көптен сұрау салып, таппаған, іздегеніміз алдымыздан шығып қуанып жатырмыз. 1942 жылы «хабарсыз кетті» деп хабар келген нағашым Әбдіқалық Ақшалов атамыз туралы мәлімет алдық. 1914 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы Сүмбе ауылында туған Әбдіқалық Ақшалов 1939 жылы Алматы облысы Ұйғыр аудандық әскери комиссариатынан  фин соғысына аттанып кетіпті. Сол кеткеннен қайтып елге оралмаған. Архивтен табылған тозығы жеткен сары қағазда лейтенант Әбдіқалық Ақшалов 1941 жылдан бастап Ұлы Отан соғысының қайнаған ортасында, Т-70 117-ші танк батальонының 58-ші танк бригадасында взвод командирі болғаны, 1941 жылы Ленинград майданында, 1942 жылы Сталинград майданында соғысқаны айтылған. 1942 жылы Сталинград майданында фашистермен кескілескен соғыста танкісі жанып кетеді. Сол сәтте басқа танкіге ауысып мініп, жаудың бірнеше техникасын қиратып, осы соғыста ерлікпен қаза тапқаны туралы жазылған. Қайтыс болғаннан кейін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталыпты. Оралмай, із-түзсіз кеткен нағашым туралы жақсы хабар есту мен үшін үлкен қуаныш болды.
    Әрине, «жоқ» деген адамың туралы хабар алу артындағы ұрпағы үшін үлкен бақыт емес пе?! Ұлы Жеңістің 75 жылдығы  қарсаңында нағашымнан осындай хабар алып, артындағы ұрпақтары да қуанып жатыр. Бәтима анамыз да ұлын «өлді» деуге қимай, жолына қарап, үмітін үзбей өмірден өтіп еді.  Әбдіқалық атамыздың артында қалған ұрпақтары жоқ. Бірақ соғыс кезінде «орыс әйелге үйленген, баласы болған» дегенді естігендер бар екен. Ендігі мақсатымыз – артында қалған ұрпақтарын іздестіру. Әбдіқалық атамыздай батырдың ұрпағы екенімізді мақтан тұтып, көкірегімізді қуаныш кернейді. Халқымыздың бейбіт өмірі үшін жан аямай соғысқан батырларымыздың ерлік істері мәңгі жадымызда сақталады.
    Тек осы хабарды Ибалы секілді апаларымыздың естімей кеткені өкінішті. Қуаныштан ба, әлде ата-әжелерімізге деген мақтаныштан ба, кеудем лапылдаған жыр-шумақтарға толып барады:
                                  Өшпес даңқың жадымызда – жаңғырық!
                                  Бейбіт күнді  біздер кештік ән қылып.
                                  Тағзым, барлық жауынгерге от кешкен!
                                  Ұрпақтарың бас иеді мәңгілік!
                                                          
Нұршаш ІРГЕБАЕВА
№ 195 ЖББМ директордың тәрбие жөніндегі орынбасары